Шығыс Қазақстан облысымыздың Риддер қаласында болған өрт бейбіт өлкенің жайбарақат тіршілігін бір-ақ сәтте астаң-кестең етті.

«Көк аспанның қадірін бұлт басқанда білерсің, табиғаттың қадірін өрт шалғанда білерсің...»-дегендей жайқалған жасыл-желек орманға оралған өлкеде тыныш тірлік кешкен Риддер халқы үшін - өрт тілсіз жау, күтпеген жайт, қатты соққы болды.

10 мамыр күнгі  Риддер орман шаруашылығындағы  ірі дала өрті мөлшері 310 гектар аумақты шарпып, 1 адам қаза тауып, 37 үй мен 9 шаруашылықтың әп-сәтте күлі көкке ұшты.  Ірі өртке себепкер болған күдіктіні анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр, кінәсін мойындап заңды түрде тиісті жазасын да алар, бірақ.... адам қазасы, баспанасыз далада қалған отбасылар, фауна мен флораға  келген зиян, күйген топырыпақ қабатының орнына қайта келмес жер бедерінің өзгеруі, тізіп айта берсек осы орны толмас табиғат байлығының қайта қалпына келуі  үшін 20-30, тіпті жарты ғасырлық уақыт қажет екен.

«Риддердің бір байлығы – орманы» еді. Енді міне, қалың ормандардың қас-қағым сәтте өртке оранғаны бәрімізге өкінішті-ақ. Орман өртін сөндіру өте қиын екенін өрттің бет алысы, таралу жылдамдығының аз уақытты екенін ғаламтор желілері арқылы хабардар болып жатырмыз. Жалпы ормандағы өрт төмендегі және жоғарыдағы болып екі түрге бөлінеді. Жоғарыдағы өрт қатты жел соққанда басталып, ұшқындары бұтақтан бұтаққа түседі. Жалын жан-жаққа шашырайды. Орман өрті ағаш қорын азайтып, қалың ағаштар аумағын мүлде өртеп жібереді. Онда мекен ететін құстар мен жан-жануарлар тіршілігін жояды.

Еліміздің орман қоры аз. Ал осы қорды сақтау – мемлекет үшін маңызды. Өрт ауа райынан  ғана емес, сөнбей қалған шоқтан, абайсыз табиғаттағы демалушылар әрекетінен, шаруа қожалық иелерінің егістік алқаптарын тазарту жұмыстарымен от қойып оны бақылаусыз қалдыруынан да пайда болады. Орманды өрттен сақтау, табиғатқа тағылық көрсетпеу – жерінен нәр алып, ауасымен тыныстап, орманында саялап отырған әр жанға ортақ міндет. Өрт – тілсіз жау, елдің, өңірдің экономикалық әлеуетіне үлкен материалдық шығын келтіріп, тұрғындардың өміріне қауіп төндіретінін осы оқиғадан көзі ашық, көкірегі ояу адам көріп отыр. Орман өртінен кейін есеңгіреп қалған Риддердің орман шаруашылықтары мен халқына кәне емес, бар өңірде, тіпті жеке меншік территорияңда да өрт қауіпсіздігін сақтау, тұрақты бақылау, жауапкершілік, өрттің алдын-алу мәселесі осы салғырттық оқиғамен сабақ болса екен деймін.

Әрине күтпеген орман, дала өртін жіті қадағалау оңай емес. Бірақ жыл сайын, жаз демей, күз демей орман, дала өртенсе, қорғансыз табиғат байлығы сирей беретіні орнына келмес өкінішке әкеледі.

"Тарбағатай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 2018 жылдан бері табиғатты өрттен, броконьерлерден, заң бұзушылардан  қорғап күндіз-түні тыңбай еңбек етіп келеді. Жалпы аумағы 143,550 гектарды құрап, оның ішінде орманмен қамтылған аумағы 7183 га болса, осы аз орманды алқапта ұлттық парк құрылғаннан бері Үржар, Еміл өзендерінің аңғарынан әдейілеп қасақана, салғырттық іс-әрекеттермен бірнеше өрттер орын алып, Қатынсу өзені бойынан бірнеше рет заңсыз ағаш кесу фактілері тіркелді. ЕҚТА заңының 380, 381-1 бабымен ұсталған азамат 0,6  куб ағаш кесіп 4 248 тенгеге залал келтірсе, осы әрекеті үшін 30 АЕК( 87 510 тенге ) және ЕҚТА территориясына кіргені үшін 2 АЕК (5 834 тенге) айыппұл, яғни жалпы құны 97 592 тенге төлейді.

"Тек жүрсең, тоқ жүресің"-дегендей, осы  мысалдан Сіздерге  аз ағашты заңсыз кесу арқылы  заң әрекетімен отбасылық бюджеттеріңізге шығын әкеп, заң алдында жауапты болатындарыңызды әркез есте ұстаған абзал болар дегім келеді.

– Ұлттық парк қызметкерлерінің басты қызметі де, мақсаты да орманды, та¬би¬ғатты қорғау. Өрттен сақ¬тап, орманнын, өсімдігін, жан-жануарларын көбейтіп, орманды, даланы өрттен қорғау ерекше назарымызда. Бірақ ішін ара адамдардың, кейбір мекеме қызметкерлерінің түсінігі бойынша ұлттық парк кез-келген өртті сөндіруге жауапты деген жансақ ой қалыптасқан. Оған да түсіндірме берсем, ауданымызда ұлттық парктің территориясына жатпайтын жерлерде (ауылдық округтер, шаруа қожалық территорияларында, босалқы жерлерде) орын алған өрттерде қалыс қалмай, тіпті бірінші болып, техника, адамдарды жұмылдырумен өрттер сөндірілді. Яғни, табиғат байлығы бәрімізге ортақ болғандықтан, өрт ЕҚТА территориясына кірмес үшін шыққан шығын, күн мен түн уақыты, күшпен санаспай, мекеме қызметкерлері есепсіз ат салысады. Ұлттық парк қызметкерлерімен бірге, аудан тұрғындары, табиғи апат салдарындағы төтенше жағдайларда жауапты құзырлы мекемелер бірлесе отырып, "бір жағадан бас, бір жеңнен қол" шығара отырып қызмет істегенімізде, табиғатты әртүрлі апаттардан қорғау шаралары бойынша алдын-ала түсіндірме іс-шараларын жүргізіп, саналы өмірге бет бұрғанымызда, "аялы табиғатымыз, саялы болады"!

Ғылым,ақпарат және экологиялық бөлімінің басшысы-Алемсейтова Жанылкан.