Ақ шымшық (латынша Cyanistes cyanus) – торғайтәрізділер отрядына жататын отырықшы құс. Басы ақ, арқасы сұр, қанаттарының ұштары ақшыл. Қанаттары қоңырқай сұр. Алқымы мен жемсауы және төсі ашық сұр, бауыры ақ. Аналығының бауыры сарғыш жасыл. Қанаттарының ұзындығы 62,8 – 72 мм (аталығы), 61 – 68 мм (аналығы), салмағы 12 – 14 г. Тоғай, қамысты жерлерді, бұта тектес өсімдіктерді, бау-бақшаларды мекендейді. Ұясын ағаш қуыстарына салады. Ауа райының қолайсыз кезінде орын ауыстырады. Ақ шымшық орман, тоғай, бау-бақшаны бунақденелілерден тазартады. Ұрғашысы ұя салумен және жайластырумен айналысады. Құрылыс материалы ретінде мүктің және жүннің көп мөлшері пайдаланылады, оны былтырғы шөптің сабақтары мен талдың бұтақтарын қосып тығыздалған күйге араластырады. Егер қуыс жеткілікті терең болса, онда оның түбіне көбінесе шөп пен жұқа бұтақтар қосылады. Маусымына бір-екі жұмыртқа басып шығаратын кездері болады (мамыр айында және маусымның аяғында), әрқайсысы әдетте  7-11 жұмыртқадан тұрады. Олардың жұмыртқасы басқа шымшықтардың жұмыртқаларына ұқсас - ақ, ұсақ және сирек кездесетін ашық қоңыр дақтары бар. Жұмыртқалардың өлшемдері (15-17) х (12-14) мм. Ұрғашысы 13-14 күн жұмыртқа басады. Екі құс та  балапандарын кезек-кезек ұясына кішкентай көбелектерді және құрттарды әкеліп тамақтандырады. Балапандар шамамен 16 күнде пайда болады.


Ғылыми қызметкер Қабсаметов Р.Ж.