⚜️Біздің өңірдегі Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының қарауындағы Алакөл көлі Алматы мен Шығыс-Қазақстан облыстарының шекарасында орналасқан, тұзды су қоймасы, ежелден бері өзінің емдік  қасиеттерімен әлемге әйгілі болып отыр.

 

⚜️ Алакөлді көл деп атау қиын, себебі, оның аумағы теңіз сияқты үлкен. Көлдің ұзындығы – 104 км, ені – 52 км, ең терең жері – 54 м. Жағалаудың климаты континенталды болып келеді. Алакөлге  "Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің еншісіндегі Қатынсу, Үржар, Емел өзендерімен  қатар Жаман өткел, Жаманты және Ырғайты өзендері де құйылады. Әр өзеннің құймасымен тоғысқан Алакөл өз атауына сәйкес, бір күн ішінде, түсін бірнеше рет өзгертеді екен. Яғни, жел соқса – сұр, күн шықса – көк, ал жауын жауса – қызғылт түске айналатындықтан да осы атауға ие болған.

 

⚜️Суының құрамында Менделеев кестесіндегі (йодтан басқа) барлық элементтер кездеседі. Сол себепті, Алакөл ұзақ уақыт бойы өзінің пайдалы қасиеттерімен ерекшеленіп келеді. Көлге шомылған адамның жаны мен тәні тазарады. Жұмсақ суы тері ауруларын жақсы емдейді, ал құрғақ тұзды ауасы, өкпе аурулары кезінде көмектеседі. Сонымен қатар, оның балшықтары да тері, буын ауруларына өте пайдалы. Ол тірек-қимыл, жүрек-тамыр және жүйке жүйелеріне жағымды әсер етеді. Тіпті ертедегі  тарих қойнауына үңілсек Шыңғыс хан жараланған жауынгерлерін осы қасиетті Алакөлге емделуге жіберіп отырған екен. Ал, Кеңес Одағы кезінде ғарышкерлер осы жерде бойларын радиациядан тазартқан.

 

⚜️ Алакөлдің орталық бөлігінде үш аралдан тұратын архипелаг орналасқан. Олар: Үлкен, Орта және Кішкене Аралтөбе деп аталады. Ал 1998 жылы осы аралдарда Алакөл @alakol_state_nature_reserve мемлекеттік табиғи қорығы ашылған.

 

⚜️ Бұл көлде: алабұға, салпыерін, көксерке, сазан және мөңке балықтары тірішілік етсе, құстар қатарынан: ақбас үйрек, фламинго және қарабай сияқты сирек кездесетін құстармен қатар, биылғы жылғы Қызыл кітапқа енген  «Жыл құсы-бірқазанды»  да осы Кіші Аралтөбеден кездестіруге болады. Атына заты сай қасиетті көлімізді бұл сирек кездесетін құс та тектен-текке мекен етпейді.

 

⚜️Алакөл аралдарында соңғы деректер бойынша бұл құстың 2,5-3 мыңдайы ұя салады десек, Қазақстанның өзен-көлдерінде бірқазанның санының аз қалғанын айқын көрсетеді. 

 

⚜️Бірқазандар (Pelecanus)– ескекаяқты құстар отрядына жататын Бірқазандар тұқымдасының (Pelecanidae, Rafinesque  құстар тегі. Қазақстанда екі түрі: бұйра бірқазан және қызғылт бірқазан тараған.
 

Дене тұрқы 1,8 м-дей, салмағы 13 килограмға дейін жетеді. Тұмсығы өте ұзын, төменгі жақ сүйегінің астында созылмалы тері қапшығы болады. Бұйра бірқазанның тұмсығының астындағы қапшығы әдетте ақшыл сары. Аяқтары қысқа, қанаттары ұзын (60 – 80 см) және жалпақ, ал қауырсындары қызғылт немесе күміс түсті болып келеді. Бұйра бірқазанның желке қауырсыны жалданып, бұйра келеді, аты осыған сәйкес қойылған. Бірқазан – топтанып жүретін құстар. Олар қоректерін (балықтарды) көбіне суқұзғындарымен бірлесіп аулайды. Суда жақсы жүзгенмен, сүңги алмайды, жемін суға басы мен мойнын батырып жіберіп ұстайды. Бірқазан – жыл құстары, наурыз айында ұшып келіп, өніп-өсіп, қараша айында жылы жаққа ұшып кетеді.

 

Бірқазандар – өте сақ және батыл құс. Керекті уақытта жауларынан жақсы қорғана да біледі.  Өзіне қатер төнсе құс қанатымен, тұмсығымен адамды ұрып оған әлі жеткенше айбат шегеді. Аспанда үлкен биіктікте ұшып келе жатқанда адамды көзі шалса болды, бұрылып ала жөнеледі. Өзінің мөлшері мен салмағының үлкендігіне қарамастан бірқазандар ұшатын кезде жүгірмей – ақ аспанға тез көтеріледі, жазда көп уақыт аспанның  биігінде қалықтауды ұнатады. Жер бетінде теңселіп ауыр қозғалады. 

 

⚜️Негізгі қоректері табан, қаракөз, сазан, алабұға және басқа балықтар ересектері күніне 1,5-2 килограмдай балық жейді. Тобымен ұшып келген соң, бұлар да жұптасып тіршілік етеді. Ұясына 2-3 жұмыртқа салып, оны 33-35 күн басқан соң, одан балапандары өрбиді. Жұмыртқа басуға қораздары да қатысады. Өсіп-өнген бірқазандардың қарашада жылы жаққа сапары басталып, алғашқы мекендеріне оралады.

 

⚜️ Жоғарыда сипатталғандай, бұл Қазақстанда қоры азайып, құрып бара жатқан су байлықтарының бірі. Сондықтанда, олар ұялайтын өзен-көлдерді қорғап, қамыс-қоғалы учаскелерді көбейту керек. Бірқазандардың өніп-өсуіне қолдан жағдай жасасақ, олардың қоры артатыны сөзсіз!

 

Ғылым, ақпарат және экологиялық мониторинг бөлімі басшысы-Алемсейтова Жанылкан Қабиқызы.