Туризм саласы ел экономикасының ең негізгі құлдырамайтын, керісінше мол қаржы түсіретін саласы. Бұл  сала мұнай-газ саласы мен автомобиль экспортынан кейінгі үшінші орынды алады. Қазіргі кезде пайдалы қазбалар қоры жоқ көптеген мемлекеттер туризмді дамыту арқылы үлкен пайдаға кенеліп отыр.

 

 

            Туризмнің алғашқы қадамдары XVII- XVIII ғасырларда басталды. Ең бірінші туристік саяхат Англияда пайда болған. Онда 1841 жылы Томас Кук 600 адамнан құрылған топты Лейстерден Лафбороға дейін темір жолмен саяхаттатқан.

 

 

            Жалпы туризм күні 1979 жылдың 27 қыркүйегінен бастап халықаралық  дәрежеде бүгінге дейін тойланып келеді. Аталмыш мерекені еліміз Дүниежүзілік туризм ұйымына  мүше болған уақыттан бастап атап өтуде. 

 

 

Бүгінде Дүниежүзілік Туризм ұйымына 25 жылдан астам уақыт  мүше болып келе жатқан мемлекетіміздің туризм саласы қарқынды дамып келе жатыр.  Еліміз бұл ұйымға бүкіл ТМД мемлекеттерінің арасында бірден-бір мүше мемлекет. Біздің жас мемлекетіміз отандық туризмнің жүгін арқалап, соңғы он жыл ішінде нәтижелі жемісін көріп келеді.

 

 

            Н.Ә.Назарбаев Республикада туризм индустриясын дамытуды Қазақстанды бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына енгізудің маңызды стратегиясы ретінде айқындаған. Демалуға қолайлы елді таңдағанда туристерді ең алдымен табиғи ландшафты, географиялық ерекшеліктері, мәдени мұрасы, дамыған инфрақұрылымы және қауіпсіздігі қызықтырады. Бұл жағдайда Қазақстан қолайлы туристік имиджі бар елдердің арасында лайықты орын  алуға толық мүмкіндігі бар. Қазақстанда туризм саласын дамытуға өте көп мүмкіндік бар.

 

 

              Елімізде өзге түгіл өзіміз біле бермейтін мәлім де беймәлім аумақтар жетерлік. Көптеген демалыс орындары мен туристік кешендердің күн санап көптеп бой көтеріп келе жатқаны тағы бар. Оған дәлел, 2018 жылғы 27 маусымда Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының аумағында «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрылуы.

 

Аталмыш табиғи парктің мақсаты – халықпен байланыс орнату арқылы туризм саласының әлеуметтік, экономикалық және саяси маңызын арттыру. Бүгінде туризмді дамыту арқылы сол аймаққа инвестиция тартып, халқын жұмыспен қамтамасыз ету арқылы, мәдениеті мен өнерін, ғылым мен спорт саласының дамуына жол ашу.

 

Ашылғаны аз ғана уақытты құраған парк аумағында таңбалы тастар өзен аңғарларындағы сарқырамалар мен өзен көлдер, таулы аймақтың флорасы мен фаунасының өзі болашақта үлкен туристік аймаққа айналуы әбден мүмкін. Өлкеміздің табиғат байлығымен, тарихи ерекшеліктерімен танылуы – біз үшін үлкен абырой.

 

 «Тарбағатай» ұлттық мемлекеттік табиғи паркінің туризм саласы күнделікті туризм саласынан өзгеше, себебі Тарбағатай ұлттық табиғи паркінде экологиялық туризм. Бұл туризмді қалыптастырудың  негізгі себебі қазіргі таңдағы экологиялық ахуалдың нашарлауы. Экологиялық туризмнің негізгі мақсаты
табиғи ортаны қорғауға кететін шығын мөлшерін бірнеше есеге азайту.

 

 

Экологиялық туризмнің объектілері табиғи аймақтар, тарихи ескерткіштер, ғылыми және білім беруде қолданылатын мәдени және архитектуралық ескерткіштер болып табылады. Бұл экологиялық туризмнің жан-жақты болуын қамтамасыз етеді.

 

 

Қазақстанда туризмнің дамуын дұрыс жолға қою тек табыс алып келу ғана емес, еліміздің басқа елдермен байланысы нығайып, қарым-қатынас орната отырып үлкен туристік аймаққа айналу. Бұл өз кезегінде осы ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайының түзелуіне оң әсерін тигізері сөзсіз.

 

Ә.Көбенова,

Экологиялық ағарту, рекреация  және туризм  бөлімінің маманы.